ҚР БӘ мен АҚШ БӘ өкілдерінің арасында жерсеріктік желілерді үйлестіру кездесуі
Астана қаласында Қазақстан Республикасының Байланыс әкімшілігі мен «ABS Global Ltd.» (АҚШ) жерсеріктік операторының жерсеріктік желілерінің жиілік иеліктерін үйлестіру бойынша келіссөздер жүргізілді.
2018 жылдың 19 – 21 қарашасында Астана қаласында Қазақстан Республикасының Байланыс әкімшілігі мен «ABS Global Ltd.» (АҚШ) жерсеріктік операторының өкілдері арасында екінші кездесу ұйымдастырылды.
Бұл кездесудің мақсаты Халықаралық электр байланысы одағына мәлімделген қолданыстағы және жоспардағы геостационарлық жерсеріктік желілерді үйлестіру мәселелерін талқылау бойынша жұмыстарды жалғастыру болды.
Қазақстан Республикасының Байланыс әкімшілігі атынан барған делегация құрамында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, сондай-ақ ҚР АКМ «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК өкілдері болды. Америкалық ABS жерсеріктік операторының делегациясында компанияның Реттеу мәселелері жөніндегі атқарушы вице-президенті және Орбиталық-жиіліктік қамтамасыз ету жөніндегі аға директоры қатысты.
Халықаралық электр байланысы одағына мәлімделген Қазақстан Республикасының Байланыс әкімшілігі («KAZSAT» сериялы) мен ABS жерсеріктік операторының жерсеріктік желілері бір біріне жақын орналасқан және орбиталық-жиілік ресурсын бірігіп пайдалану мәселесін келісуді қажет етеді.
Келіссөздер барысында тараптар үйлестірілетін жерсеріктік желілер арасындағы өзара бөгеуілдердің деңгейіне тиісті есептеулер жүргізіп, осы жерсеріктік желілерді үйлестіруді аяқтау бойынша техникалық талаптарды талқылады, сондай-ақ қолданыстағы және жоспардағы жерсеріктік желілерді пайдалану бойынша ақпарат алмасты.
Келіссөздер өзара түсіністік пен конструктивті ынтымақтастық деңгейінде өтті.
Осы кездесудің қорытындысы бойынша тараптар орбиталық-жиілік ресурсын үйлестіру және бірлесіп пайдалану жөнінде келісімге келді, сондай-ақ жерсеріктік байланыс саласында өзара ынтымақтастықта болуға ниет білдіріп, тиісті Келіссөздер хаттамасына қол қойды.